ШҚО-да Өзбекстанның 21 азаматы құрылыс жұмыстарына заңсыз тартылған
Шығыс Қазақстан облысында құрылыс жұмыстарына заңсыз тартылған шетелдіктер анықталды. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Учаске» жедел алдын алу шарасы аясында өңір аумағында заңсыз жұмыс істеп жүрген шетелдіктерді анықтады.
Өскеменде уәкілетті органның рұқсатынсыз жер үйлердің құрылысына тартылған Өзбекстанның 21 азаматы және Тәжікстанның 13 азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігімен жауапқа тартылып, елден шығарылды.
«Сондай-ақ заңсыз мигранттарды жұмысқа қабылдаған 6 жұмыс беруші де жауапқа тартылды. Нақты айтқанда, олардың әрқайсысы 100 мың теңгеден астам мөлшерде әкімшілік айыппұл салынды. Жалпы жедел алдын алу шарасы басталғалы бері облыс бойынша ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жүзден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған», — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да орманда саңырауқұлақ теріп жүрген 83 жастағы әженің адасып кеткені хабарланған.