Діни уағызшы Дарын Мубаровқа 865 мың теңге айыппұл салынды
Ол діни мазмұндағы материалдарды заңсыз таратқаны үшін жауапқа тартылды.
Уағызшы Дарын Мубаров діни мазмұндағы материалдарды заңсыз таратқаны үшін соңғы жеті ай ішінде екі мәрте әкімшілік жауапқа тартылып отыр. Бұл туралы Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы хабарлады.
Басқарма мәліметінше, сот шешімімен Дарын Мубаров әкімшілік құқық бұзушылықты қайта жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды. Бұл 865 000 теңгені құрайды.
Айта кету керек, Дарын Мубаров бұған дейін, 2025 жылғы қазанда дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда, ол бір жыл ішінде заң талаптарын елемей, қайтадан тәртіп бұзған.
"Аталған факт бойынша басқарма қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабының 8-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды (осы баптың 1-бөлігінің 3) тармақшасында көзделген құқық бұзушылықты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасау)", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз:
Діни білімі кенде дүмшелер ел ішіне іріткі салып жүр – Ермұрат Бапи
Дубай мешіттерінде уағыз енді бірыңғай стандартқа сәйкес айтылады
- Tags:
- Астана
- ислам
- религиозные деятели
